2026 жылғы қаңтардан бастап Ұлттық статистика бюросы инфляцияны есептеудің жаңа әдісін енгізеді, деп хабарлайды paryz.kz бюроның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бюро мәліметінше, енді дүкендер мен интернеттегі бағалар бақыланып қана қоймайды, бақылау-касса аппараттары тіркеген фискалдық түбіртек деректері де есепке алынады.
Бұл тауар немесе қызмет сатып алғандағы бағалар туралы дәлірек әрі толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл өзгеріс мемлекеттік статистиканы дамыту концепциясы мен ұлттық деректер экожүйесі шеңберінде жүзеге асырылуда. Мақсат – ресми статистиканың дәлдігі, жылдамдығы және сапасын арттыру.
Фискалдық түбіртек деректерін пайдалану үшін арнайы кешенді әдістеме әзірленді. Ол ақпаратты тазалау мен өңдеуді, тауарларды автоматты түрде жіктеуді, деректерді топтауды және индексті есептеудің заманауи динамикалық тәсілін қамтиды. Әдістеме тексеруден өтіп, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тарапынан оң баға алды.
"Соңғы үш жылда түбіртектердегі тауар атауларын даярлау және жіктеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Миллиондаған тауар атаулары тазаланып, жіктелді. Бүгінде талдауда 60 миллионнан астам түбіртек деректері қолданылады. Бұл бағаларды бақылаудың ауқымын кеңейтеді және есептеулердің дәлдігін арттырады. Мұндай тәжірибені әлемде тек бірнеше ел ғана қолданады, ал Қазақстан үшін бұл маңызды қадам", - деді Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Бағалардың баламалы ақпарат көздерін, оның ішінде фискалдық түбіртектерді пайдалану Бельгия, Швеция, Швейцария және басқа да елдерде кеңінен қолданылып келеді.
Қазақстанда бұл тәсіл деректерді жылдам алу, бағаның өзгерістерін дәлірек бақылау және статистиканың аналитикалық мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік береді.