Астанада жедел жәрдем станциясының басшылары ұрлық жасады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды қала прокуратурасы.
Прокуратура Астана қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп жымқыру схемасының жолын кесті. 2020-2023 жылдар аралығында жедел медициналық жәрдем станциясының бюджет қаражаты ұрланған.
"Санитарлық автокөліктің бөлшектері заңсыз есептен шығарылып, жалған қызмет көрсету шарттары жасалған. Салдарынан жұмыс істейтін автокөліктердің саны азайып, қалғандары қосалқы бөлшектерді жымқыру салдарынан пайдаланудан шығарылған", - дейді прокуратура.
Қазіргі уақытта "103" автопаркі толығымен қалпына келтірілді. Барлығы 4 қызметкер, оның ішінде 2 орта буынды басшы мен станция директоры ұсталды. Бұл қызметкерлердің әрекетінен мемлекетке 850 млн теңге аса ірі залал келтірілген. Қылмыстық іс сотқа жолданды.