Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

1 қаңтардан бастап Қазақстанның елшіліктері шетелдіктерге ЖСН бермейді

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның елшіліктері, консулдықтары және басқа да шетелдегі мекемелері шетел азаматтарына ЖСН беруді тоқтатады, деп хабарлайды Paryz.kz Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне сілтеме жасап.

1 қаңтардан бастап Қазақстанның елшіліктері шетелдіктерге ЖСН бермейді
Фото: tengrinews

Елшіліктің мәліметінше, шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беру жөніндегі қолданыстағы пилот жобаның мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген.

"2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның шетелдегі мекемелері шетел азаматтарына ЖСН бермейді", – делінген елшілік хабарламасында. 

Сонымен қатар, Қазақстанның уәкілетті мемлекеттік органдары шетелдіктер үшін eResidency бағдарламасын енгізді. Бұл бағдарлама Қазақстанға келмей-ақ, мемлекеттік қызметтер мен сервистерді онлайн форматта алуға мүмкіндік береді. Соның ішінде ЖСН көрсетілген цифрлық ID-картаны рәсімдеу қарастырылған.

"Бағдарлама шетел азаматтарына Қазақстанда ресми цифрлық мәртебе алуға жол ашады, бұл елдің бизнес мүмкіндіктері мен онлайн сервистеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді", – деп хабарлады елшілікте.

Атап айтқанда, бағдарлама мыналарды қамтиды: ЖСН-і бар цифрлық ID-карта алу; қор нарықтарына, криптобиржаларға қол жеткізу, Қазақстан нөмірі бар eSIM рәсімдеу; электрон цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) және сақтандыру қызметтерін рәсімдеу; Қазақстан карталарын пайдалана отырып, банк шоттарын онлайн ашу; салық резиденттігін алу мүмкіндігі және барлық төлем сервистеріне эквайринг қосу.