Атырауда дәрігерлер тынысы тоқтап қалған 4 айлық сәбиді құтқарды, деп хабарлайды paryz.kz.
Қалалық емханаға қабылдауға келген ана баласын емізіп отырған сәтте кенеттен сәби тынысы тоқтап, терісі көгере бастаған.
Денесі әлсіреп, өміріне тікелей қауіп төнген. Сол бір өмір мен өлім арасындағы шешуші сәтте дәрігерлер дереу көмек көрсетіп, бала тірі қалды.
Дәрігерлер дереу әрекетке көшіп, невропатолог апноэ ұстамасын бірден анықтады. Балаға оттегі терапиясын қолданып, ауыз қуысына санация жасап, құрсақтағы қысымды жеңілдету үшін газ шығару түтікшесін қойды. Нәтижесінде сәбидің біртіндеп тынысы қалпына келіп, жылап, сатурациясы 74-тен 84%-ға дейін көтерілді. Жедел жәрдем бригадасы келгеннен кейін сәби облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, әрі қарай толық тексеру мен бақылауға алынды, - деп хабарлады Атырау қаласының ДСБ баспасөз қызметі.