"Qarmet" құқықтық мирасқоры болып табылатын "АрселорМитталТеміртау" АҚ мүлкін жымқырғандар тергеліп жатыр, деп хабарлайды қаржылық мониторинг агенттігі.
"АрселорМитталТеміртау" АҚ мүлкін жымқыру фактісі бойынша "АлбаСтройДор" ЖШС-нің директоры С.Кимге қатысты тергеу жүріп жатыр. 2015 жылы "АрселорМиттал Темиртау" АҚ мен "АлбаСтройДор" ЖШС арасында қайта өңдеу қалдықтарына билік ету құқығынсыз домна шлагын қайта өңдеу туралы шарт жасалған.
"Алайда С.Ким өндірістік нысандарға еркін қолжетімділігін пайдалана отырып, зауыт аумағынан домна қоспасы мен кесек шойынды жымқыру схемасын ұйымдастырған", - дейді агенттікте.
Ұрланған мүлікті кедергісіз шығару үшін қылмыстық схемаға өзара байланысты күзет ұйымы — "Күзет" ЖШС тартылған. Оның қызметкерлері автокөліктерді іс жүзінде бақылаусыз өткізген.
"Ұрланған мүлікті С.Н.Ким өз бақылауындағы "ГлобалСпецТорг" ЖШС және "ЦентрОптСнаб" ЖШС арқылы заңдастырған. Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеден асатын 31 мың тоннадан астам өнім ұрланған", - дейді агенттікте.
Күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.