Прямой эфир

Астана

Астана

25.77°C

Новости Казахстана бүгін, 04.12.2025 12:06 Обновлять, 04.12.2025 13:05

Мүгедектігі бар адамдар такси қызметін тегін пайдалана алады

2025 жылдың басынан бері Астана мен Алматы қалаларында инватакси қызметіне деген сұраныс айтарлықтай артты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар агрегаторлар арқылы бұл қызметті 443 900 рет пайдаланған, деп хабарлайды paryz.kz.

Мүгедектігі бар адамдар такси қызметін тегін пайдалана алады
Коллаж: baq.kz

Бұл көрсеткіш өткен жылғы жалпы нәтижеден екі еседен аса жоғары: 2024 жылы қызмет 207,2 мың рет көрсетілген болатын.

Министрлік инватакси қызметінің қолжетімділігін арттыру және сапасын жақсарту мақсатында бірқатар жаңашылдықтарды қолға алғанын айтады. Бұған дейін азаматтар қызметке бір күн бұрын телефон арқылы жазылып, көлікті ұзақ уақыт күтуге мәжбүр болса, енді инватакси қызметі такси агрегаторлары арқылы ұсынылады. Пилоттық жобаға Яндекс Go компаниясы ешқандай комиссиясыз негізде қосылып отыр. Енді қызмет алушылар арнайы мобильді қосымша арқылы инватакси шақырып, тапсырыстың мәртебесін онлайн қадағалай алады, - деп мәлімдейді ведомство. Қосымшада мүгедектігі бар адамдар жүргізушіге өздерінің ерекше қажеттіліктері туралы алдын ала хабарлай алатын арнайы функция іске қосылған. Ал жүргізушілер жолаушыны көлікке отырғызу немесе түсіру кезінде қажетті көмекті дұрыс көрсетуге арналған нұсқаулық алады. 

Министрліктің мәліметінше, жоба биыл фокус-топтардың қатысуымен Астана мен Алматы қалаларында пилоттық режимде жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта инватакси қызметін агрегаторлар арқылы көрсету тетігі басқа өңірлерде де енгізілуі жоспарлануда.