Бүгін Астана соты кондитер Нұршат Ақбергенова мен блогер Аселина Батырбекованың арасындағы дауға нүтк қойды, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Айта кетейік, өзін «құрақ көрпенің ханшайымы» деп атайтын Аселина Батырбекова туған күнін тойлау үшін кондитер Нұршат Ақбергеноваға тортқа тапсырыс берген.
Нұршат құрақ көрпе түрінде үлкен торт пісіріп, оны блогерге тапсырған. Торттың бағасын алдын ала келіспеген екеуі ақыр соңында соттан бір-ақ шықты.
«Блогер өнімді алғанын және пайдаланғанын растады. Өнімнің түпкілікті құны тараптар арасында алдын ала келісілмеген. Жауапкер торттың құнын 300 000 теңге мөлшерінде мойындаған. Алдын ала 100 000 теңге төлем жасағанн. Осыларды ескере отырып, сот жауапкерден талап қоюшының пайдасына 200 000 теңге өндіру туралы шешім қабылдады», - деп хабарлайды Астана соттары.
Сонымен қатар, сот блогердің Instagram және Threads әлеуметтік желілерінде кондитерге қатысты «алаяқ», «ақша бопсалайды» деген мазмұндағы шындыққа сай келмейтін, ар-намысы мен іскерлік беделін қорлайтын мәліметтер жариялағанын анықтады.
«Аталған мәліметтер сотпен шындыққа сәйкес келмейді және талап қоюшының ар-намысы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделін қорлайды деп танылды. Сот жауапкерді осы әлеуметтік желілерде таратылған мәліметтерді теріске шығаруды міндеттеді. Талап қоюшының пайдасына 100 000 теңге мөлшерінде өтемақы өндірілді», - деп хабарлайды Астана соттары.