Павлодарда ҰБТ тапсыру кезінде көмектесемін деп 1 млн теңге алған бұрынғы мұғалім ұсталды, - деп хабарлайды Paryz.kz.
Ақшасынан айырылған ер адам полицияға шағымданған.
"Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде бұрын мұғалім болып жұмыс істеген адам ұлттық бірыңғай тест тапсыруға көмек көрсетемін деп 1 млн теңге алған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды", - дейді ведомстводағылар.
Қазіргі уақытта күдіктінің өңір аумағында осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Полиция азаматтарға егер осындай алаяқтық әрекеттердің құрбаны болса, бірден құқық қорғау органдарына жүгінуді ескертеді.
Айта кетейік, биылғы жылдың басынан бері Павлодар облысында 1872 киберқылмыс тіркелген.