Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жаңа Қала құрылысы кодексіне жосықсыз құрылыс компанияларының бірыңғай тізілімін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл бастамасын депутат Қазақстандағы үлескерлерді алдау мәселесіне байланысты айтты. Оның айтуынша, кейбір құрылыс компаниялары азаматтарды миллиардтаған теңгеге алдап, баспанасыз қалдырып отыр.
“Кейбір құрылысшылар жер телімдерін сатып алып, бас жоспар мен ПДП-ны өзгертпестен, өз бетінше құрылыс жүргізеді. Нәтижесінде адамдар зардап шегеді. Мұндай жағдайларда әңгіме қысқа болады”, – деді Бақытжан Базарбек.
Оның айтуынша, сот шешімі шыққан соң мұндай компаниялар жосықсыз құрылыс салушылардың реестріне енгізіледі. Депутат бұл ұсынысты әріптестері қолдайтынына сенім білдіріп, жаңа кодексте құрылыс саласында бақылау мен жауапкершілікті күшейтетін нақты механизмдер пайда болуы қажет екенін атап айтты. Сондай-ақ депутатқа бұл тізілім ірі құрылыс компанияларына — BI Group, Bazis, RAMS және басқаларына қатысты бола ма деген сұрақ қойылды.
“Әрине, бәріне қатысты. Заңның аты – заң. Егер ол кейбір компанияларға жүрмейтін болса, ондай заңның құны көк тиын. Барлық құрылыс компаниялары — BI, Bazis, RAMS және өзгелері — заңды бұлжытпай орындауы тиіс”, – деді депутат.