Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Жетісудағы "отбасылық бизнес": ерлі-зайыпты мен ұлы 30 келі марихуанамен ұсталды

Жетісу облысында полиция "Қарасора-2025" операциясы аясында отбасылық қылмыстық топты құрықтады. Ерлі-зайыпты мен ұлынан 30 келіден астам марихуана тәркіленіп, барлығы қамауға алынды, деп хабарлайды Paryz.kz облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Жетісудағы "отбасылық бизнес": ерлі-зайыпты мен ұлы 30 келі марихуанамен ұсталды
фото: видеодан скриншот

Оперативтік деректерге сәйкес, Алматы қаласынан есірткі жеткізу тізбегі анықталған. Алматы – Өскемен автожолында полицейлер 65 жастағы ер адамды және оның Toyota көлігін тізгіндеген 29 жастағы ұлын ұстады. Автокөлік салонын тінту барысында 19 килограмм марихуана табылып, тәркіленді.

«Тергеу кезінде күдіктінің ұлы есірткіні Жамбыл облысының 29 жастағы тұрғынынан алғанын мойындаған. Кейінгі шаралар нәтижесінде 66 жастағы әйел – ұсталған азаматтың жұбайы да әшкереленді. Ол ұялы телефон арқылы күйеуі мен ұлының әрекеттерін үйлестіріп, Алматы мен Жетісу өңіріне есірткі жеткізіп отырған. Оның тұрғылықты жерін тексеру барысында тағы 1 килограмм марихуана табылды», - делінген Жетісу облысының ПД хабарламасында.

Сонымен қатар, облыстық прокуратурамен бірлескен жедел іс-қимыл нәтижесінде Алматы облысы аумағында жеткізуді ұйымдастырған күдікті қолға түсті.

Ал Жамбыл облысындағы оның қожалығын тінту кезінде 10 килограмнан астам кептірілген марихуана тәркіленді. Қазіргі таңда барлық қатысушылар қамауға алынды.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Полиция департаменті ескертеді: Қазақстан заңнамасына сәйкес, есірткіні заңсыз сатып алу, сақтау және өткізгені үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы және мүлкін тәркілеу қарастырылған.