Биыл күз айында Астанада VIII Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтеді. Қазақстан тағы да жаһандық діни ынтымақтастықтың, сенім мен өркениеттер диалогының беделді алаңына айналмақ, деп хабарлайды paryz.kz
Қазақстан – бейтараптық пен төзімділіктің символы
Жаһандық сенім дағдарысы, экстремизмнің күшеюі мен халықаралық институттардың әлсіреуі жағдайында Қазақстан этностар мен діндердің бейбіт өмір сүре алатындығын дәлелдеп отыр. Бүгінде елде 130-дан аса этнос пен 18 діни ағым өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Конституцияда барлық діннің тең құқығы бекітілген, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Дін істері комитеті конфессияаралық келісімді институционалды түрде нығайтып келеді. Бұл тәжірибе халықаралық деңгейде де жалғасын тапты. 2003 жылдан бері Астанада тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан дін лидерлерінің съезі әлемдік діни қауымдастықтар арасындағы ашық әрі бейтарап диалогқа жол ашты. Оның рухани символына айналған Бейбітшілік және келісім сарайы түрлі дін өкілінің теңдік пен өзара құрмет аясында жүздесетін орны болып отыр.
Съезд дәстүрінің қалыптасуы
Бұл бастаманы алғаш көтерген – Қазақстан. 2001 жылғы 11 қыркүйектегі террористік шабуылдардан кейін әлем өркениетаралық қақтығыс қаупімен бетпе-бет келген тұста, Қазақстан адамзатты ортақ үстел басына жинайтын форум өткізуді ұсынды. Алғашқы съезд 17 конфессия өкілін біріктіріп, тарихта тұңғыш рет түрлі дін лидерлері айтыс үшін емес, түсіністік іздеу үшін бас қосты. Содан бері форум үш жыл сайын тұрақты өтіп келеді. Әр съезд заманның өзекті тақырыптарына арналды: жаһандану дәуіріндегі діннің миссиясынан бастап, радикализмге қарсы тұру, діни сауаттылық, пандемиядан кейінгі сын-қатерлерге дейін. VII Съезд (2022) тарихта ерекше орын алды – онда Папа Франциск сөз сөйлеп, әлемдік дінаралық үнқатысуға жаңа серпін берді. Съездің тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз ететін Секретариат құрылды. Оған БҰҰ, ЮНЕСКО, Өркениеттер альянсы сияқты халықаралық ұйымдар қолдау көрсетіп келеді.
VIII Съездің жаңа күн тәртібі
2025 жылғы қазан айында өтетін VIII Съезд «Діндер диалогы – болашақ үшін синергия» тақырыбында ұйымдастырылады. Осы ұстаным қазіргі жаһандық ахуалды – қақтығыстардың өршуін, жасанды интеллекттің жылдам дамуын, қоғамның жіктелуін және цифрлық ортадағы адамгершілік құндылықтардың әлсіреуін ескеріп қабылданды.
Негізгі бағыттар:
Дін және бейбітшілік – қақтығыстардың алдын алу, діни лидерлердің жанжал аймақтарындағы рөлі.
Дін және технология – жасанды интеллект этикасы, әлеуметтік желідегі деструктивті контентпен күрес, цифрлық теңсіздікті еңсеру.
Дін және әділеттілік – кедейлік пен кемсітушілікке қарсы тұру, діни төзбеушілікті еңсеру.
Дін және білім – діни сауаттылықты арттыру, жастар арасындағы диалог жобалары.
Форум қорытындысында тарихи мәнге ие 2033 жылға дейінгі көпжақты іс-қимыл бағдарламасы қабылданбақ. Бұл – съезд тарихындағы алғашқы ұзақ мерзімді жоспар болмақ.
Кімдер қатысады?
VIII Съезд тарихтағы ең ауқымды іс-шараға айналуы мүмкін. 2022 жылғы VII Съезге 60 елден 100-ге жуық делегация қатысқан болатын. Жаңа жиында бұл көрсеткіштің артуы күтіледі.
Астанаға келетін меймандар қатарында:
Папа Римский Роберт Франсис Превост немесе Ватикан мемлекеттік хатшысы кардинал Пьетро Паролин; Әл-Азхардың жоғарғы имамы Ахмад ат-Тайиб; Ресей мүфтилер кеңесінің және Ислам ынтымақтастығы ұйымының өкілдері; Израиль мен Еуропаның бас раввиндері; Үндістан, Қытай, Моңғолия, Корея будда монахтары; АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания протестанттық шіркеу өкілдері бар.
Орталық Азия мен Кавказ елдерінің рухани басшылары да маңызды делегация құрамында болады. Қазақстаннан ҚМДБ, православие шіркеуі, католик архиепархиясы, еврей қауымдастығы, будда мен протестанттық ұйымдар қатыспақ. Бұған қоса, БҰҰ, ЮНЕСКО, Өркениеттер альянсы сияқты беделді ұйымдар, Еуропа, Азия және Африкадағы дінаралық алаңдардың өкілдері де қатысады.
Қазақстан – медиатор ел
VIII Съезд – Қазақстанның бейбітшілік пен татуласуға бағытталған сыртқы саясатының қисынды жалғасы. Бұған дейін ел Сирия бойынша Астаналық процеске, СВМДА-дағы төрағалыққа, ядролық қарусыздану бастамаларына, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі миссияға белсене атсалысқан. 2025 жылы Қазақстан БҰҰ және ЕҚЫҰ қолдауымен халықаралық дінаралық сенім платформасын құруды ұсынды. Ел ішіндегі діни еркіндік кепілдіктері, ғибадат орындарына тең қолжетімділік, діни бірлестіктермен тұрақты кеңесулер бұл имиджді одан әрі нығайтады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VII Съезде айтқандай:
«Бейбітшілік, әділеттілік, сенім – халықтар мен діндерді біріктіретін құндылықтар. Қазақстан осы іргетасты күшейтетін диалогқа әрқашан ашық».
Синергияның ұзақ мерзімді мәні
Форумның басты қорытынды құжаты – Жаңа Астаналық декларация болмақ. Бұл XXI ғасырдағы діни дипломатияның жаңа манифесі ретінде өзара құрмет, жауапкершілік пен әділеттілік қағидаттарына негізделеді. Сонымен бірге, діни сауаттылықты арттыруға арналған бағдарламалар, жастарға бағытталған жобалар, мәдениет пен бейбітшілікті ілгерілететін цифрлық платформалар іске қосылмақ. Қазақстанның бастамасы аясында тұрақты дінаралық сенім алаңы құрылуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, бұл тетік діалогты символикалық деңгейден нақты дипломатиялық құралға айналдырады. Қазақстан үшін VIII Съезд – елдің жаһандық медиатор ретіндегі беделін бекіту ғана емес, өркениеттер арасындағы көпір рөлін одан әрі күшейту. Бұл форум – діни іс-шара ғана емес, сонымен қатар ғаламдық болашаққа жасалған стратегиялық инвестиция.