Түркістан облысында әкесін өлімші етіп ұрған ер адамның әйелінің үстінен де қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде ер адамның әкесін ұрып-соғып жатқан бейнежазбасы тараған еді.
Кадрлардан бет-ауызы қан-жоса болған дәрменсіз қария көрінген. Әкесі орнынан тұра алмаған сәтте, ер адам әйелін шақырып, екеуі бірге ақсақалды сүйреп әкеткен. Кейін белгілі болғандай, бейнежазбадағы оқиға Түркістан облысында тіркелген. Жәбір көрсеткен адам – өзінің қарт әкесін ұрып-соққан. Ал оның әйелі бұл әрекетке кедергі жасамаған.
Бейнежазба қария қайтыс болғаннан кейін ғана әлеуметтік желіде тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оқиғаны жасырын түсіріп алған көршісі жариялаған.
Қарияның қаза болуынан кейін ұлына қатысты ҚР ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігі бойынша ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру") қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Сондай-ақ ұлының әйелі – келініне қатысты да тергеу жүргізілуде. Оған ҚР ҚК-нің 109-1-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша ("Кінәліге айыпты адамның дәрменсіз күйде екенін немесе кінәліге материалдық не өзге де тәуелділікте екенін біле тұра жасалған соққы") қылмыстық іс қозғалған.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіледі. Оның нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады. Сонымен қатар тергеу аясында өтініште көрсетілген барлық уәждер тексеріліп, аяқталған соң қылмыстық процеске қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады Түркістан облысы ПД.
Полиция мәлім еткендей, зейнеткер туыстары тарапынан зорлық-зомбылық көріп, қайғылы жағдайға душар болғанға дейін жәбірленушінің өзі немесе басқа адамдар тарапынан құқық қорғау органдарына шағым түспеген.