Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Балқаш қаласындағы мектептерге теракт дайындалып жатыр деген хабарламалар тарап кетті. Белгісіз адамдар өздерін «террористік легион» деп таныстырып, қарулы шабуылдар мен «кепілге алу» әрекеттері жайлы жазған, деп хабарлайды Paryz.kz.
Таратылған хабарламада полицияға қарсы қорқыту сөздері мен ойдан шығарылған «шабуыл кестесі» де көрсетілген.
Кейінірек Telegram желісінде барлық мектептердің сабақтарын тоқтату туралы «ресми хабарламалар» жарияланды.
Онда ТЖД атынан жазылғандай безендірілген мәтін болды, бірақ суретте қазір бұл қызметті басқармайтын бұрынғы басшы Мурат Қатпанов бейнеленген.
Балқаш қаласының полициясы тараған ақпаратқа жедел жауап беріп, жағдайдың тұрақты екенін мәлімдеді.
«Жоспарланған шабуылдар туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қаладағы ахуал тыныш және толықтай құқық қорғау органдарының бақылауында», – делінген ресми хабарламада.
Әкімдік те бұл хабарламаларды фейк деп растады.
«Барлық мемлекеттік қызметтер қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Тұрғындардан тек ресми дереккөздерге сенуді, сабыр сақтап, арандатушылыққа берілмеуді сұраймыз», – деп атап өтті әкімдік.