Астанада бойжеткеннің бөксесін сипаған 58 жастағы ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Paryz.kz.
Қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың мәліметінше 9 тамызда ер адам елордадағы клубтың жанынан өтіп бара жатып, орынсыз әрекет жасап, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған.
«Сот отырысында ол өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірді және мүгедектігі жоқ екенін хабарлады. Сонымен қатар алты баланың әкесі болғандықтан жеңіл жаза тағайындауды өтінді», - деп жазылған хабарламада.
Сот отырысында жәбірленуші хаттамада көрсетілген мән-жайды растады. Осыған байланысты оның әрекеті ӘҚБтК-тың 434-бабының 1-бөлігі бойынша дұрыс сараланған.
«Әкімшілік жаза қолдану кезінде сот құқық бұзушының өкінгенін, мұндай құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды.
Сондай-ақ жауапкершілікті ауырлататын жағдайлар да ескерілді, атап айтқанда, әкімшілік құқық бұзушылық әйелге қатысты жасалған. Сонымен қатар оның алты баланың әкесі екені де назарға алынды», - деп түсіндірді сот.
Сот бұзақыны 5 (бес) күнге қамауға алуға шешім қабылдады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.