Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ұлттық кинематография мен анимация саласын дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды қолға алуда, деп хабарлайды paryz.kz
Министрліктің қолдауымен бірнеше жаңа анимациялық туындылар әзірленіп жатыр, олардың қатарында «Команда А», «Алан туралы аңыз», «Жібек» және «Бәйтерек туралы аңыз» мультфильмдері бар. Бұл жобалар балаларға арналған сапалы контенттің тапшылығын жоюға және қазақ анимациясының деңгейін көтеруге бағытталған.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның мәліметінше, 2024 жылы ұлттық фильмдер мен анимациялық жобаларды қолдауға мемлекеттік бюджеттен 3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл қаржыға 13 киножоба, 2 деректі фильм және 3 анимациялық фильм түсіріліп, прокатқа шығарылды.
Ал биылғы жылы бюджет есебінен ұлттық фильмдер мен мультфильмдерді түсіру үшін 3,7 миллиард теңге бөліп отыр. Сонымен қатар, контентті аудару және дубляждауға арналған қаржы көлемі 1 миллиард теңгеден асып отыр. Министрдің айтуынша, анимация саласына бөлінген шамамен 1 миллиард теңге қаражат үш негізгі бағытқа жұмсалады:
Дистрибьюция – туындыларды прокатқа шығару және тарату.
Дубляждау – шетелдік және отандық контентті қазақ тіліне аудару;
Анимациялық контентті дамыту – жаңа мультфильмдер шығару және саланың инфрақұрылымын нығайту.
Айтпақшы министрлік биылдан бастап жобаларды іріктеу ісінде жаңа тәсіл қолданып отырғанын айта кету керек.
«Биылдан бастап ұлттық кинематография мен анимация жобаларын іріктеу процесі түбегейлі өзгерді. Енді нақты жобалар емес, сценарийлер байқауы өткізіледі. Байқаудың нәтижесінде үздік деп танылған сценарийлер негізінде туындылар түсіріледі. «Бұл өзгерістер халыққа жаңа, сапалы өнімдер ұсынуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Аида Балаева.
Қалай болғанда да қазақ анимациясы халықаралық нарыққа шығу жолында өзінің алғашқы қадамдарын жасап жатыр. Министрдің сөзінше, бүгінге дейін төрт отандық туынды шетел прокатына шыққан.
Министр қазақ анимациясына ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Дегенмен, дубляждау процесі кезінде қиындықтар да баршылық.
«Бекітілген ережелерге сәйкес келетін ұйымдар табылмады, сондықтан ережелерді қайта қарастырып жатырмыз. Балаларға арналған контенттің тапшылығын жою үшін министрлік екі негізгі бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұлар «Қазақфильм» АҚ және «Балапан» телеарнасы мен жеке меншік ұйымдар. Аталған ұйымдармен бірлесе отырып, анимациялық және киножобаларды дамытып, жобаларды іске асыру көзделген. Балаларға арналған контенттің маңызы зор, себебі ол ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жас ұрпақты тәрбиелеуге ықпал етеді», – деді Балаева.
Қазақ анимациясы мен ұлттық кинематографияны дамытуға бағытталған бұл шаралар маңызды қадам болғанымен, олардың тиімділігі мен нәтижесі алдағы уақытта анықталады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында отандық анимациялық туындылардың сапасы артып, халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті өнімдер шығаруға мүмкіндік туады деп күтілуде.
Қорытындылай келе, қазақ анимациясы мен балалар контентін дамытуға бағытталған мемлекеттік бастамалар ұлттық мәдениетті нығайтуға және жас ұрпақтың рухани байлығын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Алдағы жылдарда бұл салада жаңа серпіліс болары сөзсіз. Мәселен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен әзірленіп жатқан «Команда А», «Алан туралы аңыз», «Жібек», «Бәйтерек туралы аңыз» сияқты анимациялық фильмдер мен жобалар балаларға арналған контентті дамытуға және инклюзивті құндылықтарды насихаттауға бағытталған.