Шымкент қаласында Камерун азаматы 8 жылға сотталды, деп хабарлайды Paryz.kz.
33 жастағы ер адам психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз иемдену мен сақтау фактісі үшін айыпталған болатын.
Сот материалына сәйкес, биыл наурыз айында оған Telegram арқылы белгісіз адамнан психотроптық заттарды өткізуге қатысты ұсыныс түскен.
Камерундық келісіп, өзіне жіберілген "сәлемдемені" қабылдап алады. Ішінде 1346,01 грамм α-PVP (α-пирролидиновалерофенон) психотропты заты болған.
Сол күні оны полиция ұстайды. Ал тұрғылықты жерін тінту кезінде электронды таразы, "Zip-lock" пакеттері, қара түсті орағыш және басқа да заттар тәркіленген. Сотта камерундықтың кінәсі толығымен дәлелденді. Бірақ өзі кінәсін мойындамай, туған жеріне экстрадициялауды сұрады.
"Мен футболшымын, футболмен ғана айналысамын", - деді ол сот отырысында.
Бұған дейін Алматыда ол әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сол кезде оны Қазақстаннан шығаруға шешім қабылданған.
Алайда ол үйіне қайтпай, Қазақстанда заңсыз жүре берген. Енді қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Мбала Бомба Роджерді кінәлі деп танып, 8 жыл бас бостандығынан айыруға шешім шығарды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.