Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысында жарыссөз өтіп жатыр.
Сотталушы, кәмелетке толмаған Думан Ысқақ соңғы сөзін айтты.
— Мен адвокатым айтқан сөздермен толық келісемін. Мен нақты қылмыс жасалғанын 4 қазан сағат 11-12-лер шамасында білдім. Құрметті сот, мені ақтауыңызды сұраймын. Барлығы әділ болуын сұраймын, — деді ол.
Оның сөзін сотталушы Шыңғыс Белғожаев жалғастырды. Ол Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабымен жауапкершілікке тартуды сұрады.
— Мен сол жерге барып, болған жағдайға араласып, ұрып-соғып, төбелесте болғаным үшін жәбірленушілерден кешірім сұраймын. Болған оқиғаға қатты өкінемін. Құрметті сот, біз ешқандай қылмыстық топ емеспіз. Қасақана төбелесеміз деген ойымыз да, ниетіміз де болған жоқ. Мұндай оқиға болатынын білгенде, бізді мылтықпен дайындалып күтіп отырғанын білгенде, бармақ түгілі, мүлдем жоламайтын едім.
Құрметті сот, Нұрымов Қаржаубай «Шыңғыс мені пышақпен қуалап, киімімді жыртты» деп өтірік айтып, жалған сөйлеген болатын. Ондай жағдай болған жоқ және мен бәкінің сабымен ұрған жоқпын. Қалған іс-әрекеттерімнің барлығын мойындаймын. Бірінші күннен бастап мойындап келемін. «Ер-жігіт көрмеймін деген жерін үш көреді, жақсы ат баспаймын деген жерін үш басады» дейді. Сол секілді біздің оқиға ойламаған жерде болды. Біз депутаттың, әкімнің, прокурордың, соттың балалары емеспіз. Қарапайым отбасынан шыққан адамдармыз. Бізге тағылған айып секілді Нұрымов Қаржаубай мырзаға ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабымен жауапкершілікке тартуыңызды сұраймын, — деді ол.