Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Жамбыл облысындағы жарылыс: екі сарбаз 13 жылға сотталуы мүмкін

Жамбыл облысындағы әскери қойманы қасақана өртеді деп айыпталып жатқан қос сарбаз 13 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 2021 жылы Байзақ ауданында болған жарылысқа қатысты көшпелі сотта прокурорлар жауынгерлерге осындай жаза кесуді сұрады, деп хабарлайды Paryz.kz агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Жамбыл облысындағы жарылыс: екі сарбаз 13 жылға сотталуы мүмкін
Фото: видеодан скриншот

Мемлекеттік айыптаушы екі күдікті матаны өртеп, оқ-дәрілер тұрған қоймаға терезеден әдейі лақтырған дейді. Ал сарбаздардың бұл іске баруына штаб бастығымен жеке бас араздағы себеп болған көрінеді.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабы 3-бөлігінің 1,2-тармақтары бойынша 10 жылға бас бостандығынан айыруды, ҚК 459-бабының 2-бөлігі бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, ҚР ҚК 58-бабының 3-бөлігін негізге ала отырып, жазаны ішінара қосу арқылы түпкілікті 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды тағайындауды сұраймыз», - деді Оңтүстік аумағы әскери прокурордың орынбасары Асылбек Темірбеков.

Осы іске қатысты тағы төрт офицер айыпты деп танылған. Олар салғырттық және қару-жарақты сақтауда қауіпсіздік ережелерін ескермеу бабымен жауап беруде. Прокурорлар жарылыс болған бөлім командирі мен оның орынбасарын 6 жылға соттауды сұрады. Қалған екі қызметкерді қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімінің өтіп кетуіне байланысты жазадан бостуды ұсынды.

Ал сарбаздардың ата-аналары жарылысты «қолдан ұйымдастрды» деп тағылған айып емес, оларға жабылған жала дейді. Олардың айтуынша, дәл сол уақытта сарбаздар оқиға орнында мүлде болмаған.

Еске салайық, екі жыл бұрын болған жойқын жарылыстан 17 адам қаза тауып, 100-ге жуық жан жараланды. Келтірілген шығын көлемі 25 млрд теңгеден асады.