Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

Астанада екі компаниядан 109 млн теңге жымқырған бухгалтер сотталды

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, сотталушы 2019-2023 жылдары М.-ға тиесілі екі жауапкершілігі шектеулі серіктестікте (ЖШС) бухгалтер, кейін бас бухгалтер болып жұмыс істеген, деп хабарлайды paryz.kz.

Астанада екі компаниядан 109 млн теңге жымқырған бухгалтер сотталды
Фото: gov.kz

"Осы қызметін пайдаланып, ол компаниялардың банк шоттарына қол жеткізіп, қаржылық операцияларды өз бетінше жүргізу мүмкіндігіне ие болған", - деп жазылған хабарламада.

Тергеу мәліметі бойынша сотталушы тиісті келісімшарттарсыз және бухгалтерлік есепте көрсетпестен компаниялардың шоттарынан өз есепшотына, сондай-ақ өзі бақылауындағы жеке кәсіпкерлердің шоттарына жүйелі түрде ақша аударып отырған. Осының салдарынан екі компанияға 109 млн теңгеден астам шығын келген. Алайда келтірілген материалдық залал әлі өтелмеген.

"Үкім шығару кезінде сотталушының екі кәмелетке толмаған баласы бар екенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Нәтижесінде оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесіліп, коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айырылды", - делінген хабарламада.

Алайда сотталушының асырауында 2013 және 2014 жылы туған балалары болғандықтан, Қылмыстық кодекстің 74-бабы негізінде жазаны өтеу мерзімі бір жылға кейінге қалдырылды. Сонымен қатар жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.