Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиева әріптесі Роза Рымбаеваның сахнадан кетуі туралы айтқан пікіріне қатысты ойын білдірді, деп хабарлайды paryz.kz.
Тимур Балымбетовке берген сұхбатында өнер иесі соңғы уақытта Роза Рымбаеваның шығармашылық жолын аяқтау туралы жиі айтып жүргеніне қатысты сұраққа жауап берді. Нағима Есқалиеваның сөзінше, әріптесінің сахнамен біржола қоштасуы екіталай. Оның айтуынша, Роза Рымбаеваның бүкіл ғұмыры өнермен астасып жатыр.
«Ол қайда кетеді? Алла Пугачеваның өзі талай рет сахнадан кететінін айтып, кейін қайта оралды. Роза да өнерсіз ұзақ уақыт жүре алмайды. Немерелерінің жанында болып, тыныққанымен, бәрібір сахнаны сағынады. Өйткені өнер – оның өмірінің ажырамас бөлігі», – деді әнші.
Сонымен қатар ол Роза Рымбаеваға бірнеше мәрте ұстаздық қызметке келу туралы ұсыныс жасағанын айтты. Алайда әнші бұл ұсынысты қабылдамаған.
Нағима Есқалиеваның пікірінше, Роза Рымбаева оқу орнында дәріс берсе, жастарға бағыт көрсетіп, тәжірибесімен бөлісетін білікті ұстаз болар еді.
«Егер ол біздің академияда сабақ бергенде, талай студенттің жолын ашар еді. Өте мықты педагог болар еді», – деп қорытындылады ол.