Жетісу облысының Панфилов ауданында нөсер жауын салдарынан республикалық маңызы бар "Сарыөзек – Көктал" автожолының 152-шақырымындағы учаске зақымданды, деп хабарлады "ҚазАвтоЖол".
"Сел ағыны жол жиегі мен жер төсемінің бір бөлігін шайып, салдарынан жолдың оң жақ жолағының бір бөлігі опырылып, жол төсемі бүлінген", - деп жазылған хабарламада.
Қауіпсіздік мақсатында зақымданған учаске қоршалып, уақытша жол белгілері орнатылды. Жол толық жабылған жоқ, көлік қозғалысы сақталған жолақ арқылы реверсивті режимде жүзеге асырылуда.
Оқиға орнында патрульдік полиция кезекшілік атқарып жатыр. Авариялық-қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Табиғи апаттың салдарын жою жұмыстарына 18 қызметкер мен 13 арнайы техника жұмылдырылды.