Жаңа оқу жылында Қызылорда облысының мектептерінде 190 мыңнан астам бала білім алады, деп хабарлайды paryz.kz kazinform-ға сілтеме жасап.
Облыстық білім басқармасының жоспарына сәйкес 17 700 бала 1-сыныптың табалдырығын аттайды. Оның 93%-ы қазақ, қалғаны орыс мектептеріне тіркелген.
- Биыл 1,3 млрд теңге қаржы бөлініп, 31 мектепке ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмысы Білім күніне дейін толығымен аяқталып, мектептер балаларды қабылдауға дайын болады. Облыс бойынша жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін мектептер жоқ, - деді басқарма басшысының орынбасары Асхат Қанатов. Басқарма мектептердің дайындығын тексеру кезінде ешқандай кемшілік анықталмағанын мәлімдеді.
Мектептерде кадр тапшылығы байқалмайды. Керісінше мұғалім санының артық болуына байланысты облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бастап орта білім беру ұйымдарында педагог қабылдауға мораторий жарияланған. Өңірдегі 53 оқу ошағында 60 автокөлік 6 400-ге жуық баланы тасымалдайды.
- Мектебі жоқ 47 елді мекенде мектеп жасындағы 727 бала тіркелген. Оның 545-іне күнделікті тасымал ұйымдастырылса, қалған 182-сі туыстарының үйінен мектепке қатынайды. Автокөліктердің жүру кестесін мектеп директоры жергілікті әкімшілік полициямен келісімді түрде бекіткен. Көлік жүргізушілері – жұмыс өтілі бес жылдан жоғары тәжірибелі мамандар. Білім бөлімдеріне автокөліктерді бейнетіркеумен және GPS-мониторинг жүйелерімен қамтамасыз ету туралы тапсырма берілді, оның орындалуы бақылауда, - деді басқарма өкілі.
Балабақша, мектеп, колледждерде түгел бейнебақылау жүйесі орнатылған. Заң талабына сәйкес бала саны 700-ден асатын білім беру ұйымдарына турникет қойылып, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілген. Оқу-ағарту, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің бұйрығына сәйкес оқушы саны 400-ге дейінгі білім ошақтарында интернет жылдамдығы секундына 20 Мбит-тен кем болмауы керек екені туралы талап бар.
- Биыл маусым айында елді мекендердегі 37 мектеп StarLink спутниктік технологиясына қосылды. Қазіргі таңда интернет жылдамдығы секундына 300 Мбит-пен жұмыс істейді. Мектеп бағдарламасы бойынша жасалған интерактивті сабақтарды, мұғалімдерге арналған көрнекі виртуалды зертхананы пайдалану мақсатында 230 мемлекеттік мектеп 100% «BilimLand» цифрлы білім беру порталына қосылған. Оны пайдалану барысында оқушылар ҰБТ-ға дайындайтын iTest.kz виртуалды жаттығу алаңының көмегіне жүгіне алады, - деді Асхат Қанатов.