Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты сот отырысында айыпталушы соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Paryz.kz.
Айыпталушы Ернар Жиембай бүкіл қазақстандықтардан кешірім сұрап, соттан әділ үкім шығаруды өтінді. Ол өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады.
«Маған тағылған айыптардың бір бөлігімен келісемін. Бірақ бұл оқиға жайдан-жай болған жоқ деп анық айта аламын. Психикалық жағынан сау адам екенімді сараптамалар да дәлелдеді. Еш себепсіз адамға жақындап, қарудан оқ атпас едім. Тергеу барысында берген жауабымды толық растаймын. Жәбірленуші Руслан Арысбековичтен кешірім сұраймын. Қалай болғанда да оның денсаулығына ауыр зиян келтірдім», - деді Ернар Жиембай.
Айыпталушы оқиғаның саяси астары жоқ екенін, ол тек жеке мәселе болғанын да атап өтті.
«Бұл мен үшін үлкен сабақ болды. Менің де жүрегім бар. Әкем ауырады. Отбасының жағдайын көтерген ұлдарының бірі едім. Артымда екі кішкентай ұлым қалды. Отбасым мен балаларымды ойласам, жаныма қатты батады. Шын жүректен өкінемін. Уақытты кері айналдыру мүмкін болса, мұндайға ешқашан бармас едім. Соттан ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігі бойынша, жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, жаза тағайындауды сұраймын», - деді ол.
Сондай-ақ Ернар Жиембай жәбірленуші Руслан Берденов өзіне 25 миллион теңге көлемінде шығынды өндіріп алу туралы талап қойғанын айтты.
Оның сөзінше, өзі де ауыр моральдық күйзеліске түскен. Сөзінің соңында айыпталушы соттан әділдік күтетінін жеткізді. Өзім жасаған қылмыс үшін жауапкершілікті толық мойныма аламын. Ең алдымен Аллаға, одан кейін әділ сотқа сенемін. Тағы да бүкіл қазақ халқынан кешірім сұраймын. Заң аясында, жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып жаза тағайындауды өтінемін, - деді ол. Судья Әбинұр Қарабаевтың мәлімдеуінше, сот үкімі 20 тамыз күні сағат 12:00-де жарияланады.