Блогер Нәзім Мисанов әлеуметтік желіде жазған пікірі үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды paryz.kz.
Бұған Shoqan брендінің негізін қалаушы Ұлықбек Шариповты қолдау барысында айтылған сөздері себеп болды. Шарипов бұған дейін Борат образын пайдаланып жарнамалық ролик жариялаған еді.
Мисанов желіде сыншыларды "өздері ештеңе өндірмейді, салық төлемейді, бірақ басқалардың жұмысына кедергі келтіреді" деп жазған еді.
Осыдан кейін желі қолданушыларының наразылығы блогердің өзіне ауысты. Әлеуметтік желіде Мисановқа қатысты бизнес-жобалар мен мекемелерді бойкоттауға шақырулар пайда болды. Қысым күшейген соң блогер видеоүндеу жариялады.
"Кеше түнде мен өте дұрыс емес пікір қалдырдым. Мен мұны мойындаймын. Шын жүректен кешірім сұраймын", – деді Нәзім Мисанов.
Ол сондай-ақ қазақ халқы мен мемлекеттік тілді құрметтейтінін атап өтті.
Еске салайық, дау Shoqan брендінің бірнеше ай бұрын TikTok-та Борат образымен жарияланған ескі видеосынан кейін өршіген болатын. Қазір Мисановтың мәлімдемесі желіде қызу талқыланып жатыр.