Қазақстандық музыкант Иван Жуков әлеуметтік желідегі парақшасында Энрике Иглесиастың әйгілі Bailando әнін домбырада орындаған ерекше туындысын көпшілікке ұсынды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Өнер иесінің айтуынша, бейнебаянды түсіру үшін шығармашылық топ түнгі сағат екіде «Көшпенділер қаласына» барып, қазақ даласындағы таң шапағын қарсы алған.
«Бұл бейне арқылы күннің алғашқы сәулесін және қазақ табиғатының ерекше атмосферасын жеткізгіміз келді», – деп жазды музыкант.
Иван Жуков Энрике Иглесиастың шығармашылығын бала кезінен тыңдап өскенін айтып, оның әндері отбасымен бірге жолға шыққанда көлікте жиі қосылатынын еске алды.
Сондықтан әлемге танымал Bailando әнін домбырада орындау өзі үшін ерекше әрі жүрекке жақын жоба болғанын жеткізді.
Музыканттың сөзінше, ол көптен бері әлемдік заманауи хиттерді домбыраның үнімен орындап келеді. Осы арқылы ұлттық аспаптың тек халық музыкасына ғана емес, әлемдік музыкалық шығармаларға да үйлесімді жарасатынын көрсетуді мақсат етеді.
«Bailando» әні 2014 жылы жарық көріп, бірнеше тілде жазылған. Сонымен қатар туынды Billboard Hot Latin Songs чартының көшін 40 аптадан астам уақыт бастап, бүгінге дейін испан тіліндегі ең танымал әндердің бірі саналады.
Жазба соңында Иван Жуков өз орындауы Энрике Иглесиастың да көңілінен шығады деген үмітін білдіріп, әншінің Қазақстандағы концертін асыға күтетінін атап өтті.