Прямая трансляция

Астана

Астана

32.54°C

Араздық тілі бір пікірден басталады

Әлеуметтік желілер бүгінде ақпарат алмасудың ғана емес, қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды алаңға айналды. Кез келген адам өз ойын ашық айтып, пікір білдіре алады. Алайда дәл осы мүмкіндіктің екінші қыры да бар. Кейде бір ғана эмоциямен жазылған пікір немесе ойланбай қалдырылған пікірталас қоғамда түсінбеушілікке, араздыққа, тіпті өшпенділікке ұласуы мүмкін, деп хабарлайды Paryz.kz.

Араздық тілі бір пікірден басталады
Фото: pixabay.com

Мамандардың айтуынша, қазіргі цифрлық кеңістіктегі жанжалдардың басым бөлігі үлкен оқиғадан емес, қарапайым сөзден басталады. Әлеуметтік желідегі дөрекі пікір, адамның ар-намысына тиетін сөз немесе жалған ақпарат санаулы минуттың ішінде мыңдаған адамға тарап, қоғамдағы сенім мен татулыққа кері әсер етеді.

Қазақстан заңнамасы әр азаматқа сөз бостандығына кепілдік береді. Бірақ бұл құқық өзгелердің абыройы мен құқықтарын бұзуға жол бермейді. Сондықтан әлеуметтік желідегі кез келген пікір заң талаптарына ғана емес, адамгершілік қағидаттарына да сай болуы қажет.

Алайда сөз бостандығы жауапкершілікпен қатар жүреді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік желілерде діни, ұлттық немесе әлеуметтік алауыздықты қоздыруға, экстремистік мазмұндағы материалдарды таратуға, сондай-ақ азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын немесе қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіретін ақпарат жариялауға жол берілмейді. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сондықтан әлеуметтік желіде пікір жазғанда немесе қандай да бір ақпаратты бөлісер алдында оның мазмұны мен салдарын саралап, заң талаптарын да, қоғамдық жауапкершілікті де ескерген жөн.

Дінтанушылар мен теологтар да сөз мәдениетінің қоғамдағы тұрақтылыққа тікелей әсер ететінін атап келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жастармен кездесулерінде білім мен көркем мінездің қатар жүруінің маңызын үнемі айтып келеді.

«Қазір білім мен ғылымның заманы. Сондықтан біздің шәкірттеріміз терең білім алып, халыққа қызмет етуіміз керек. Абай атамыз: «Адамға әуелі ихсанды болмақ – қарыз ісі». Барлық өзгелердің ихсанына сүйенбек дұрыс емес», – дейді Бас мүфти.

Бұл қағида әлеуметтік желідегі қарым-қатынасқа да толық қатысты. Пікір жазғанда адамның білімінен бұрын әдебі мен жауапкершілігі көрінеді. Қарсы пікір айтқан адамды кемсіту емес, өз көзқарасын дәлелмен әрі мәдениетті түрде жеткізу – өркениетті қоғамның белгісі.

Әлеуметтік желідегі тартыстарға қатысты жазбасында пікірталастың әрдайым жеңіске жеткізбейтінін атап өтеді. Оның айтуынша, дауласу барысында адам қарсыласының ойын жоққа шығардым деп ойлағанымен, көбіне оның намысына тиіп, арадағы қарым-қатынасты бұзады.

«Тартысу арқылы жеткен жеңіс – нәтиже тұрғысынан жеңіліс деген сөз. Өйткені қарсыластың қателігін бетіне бастың, намысына тидің, саған деген өшпенділігін ояттың. Ақиқаттан алыстаттың. Арадағы қарым-қатынасқа сызат түсті», – дейді белгілі теолог Қайрат Жолдыбайұлы.


«Адалдық – ардың ісі. Адалдық – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның тірегі. Ол сенім мен берекенің, әділет пен татулықтың негізі», – дейді Бас мүфти.

Шын мәнінде, әлеуметтік желідегі мәдениетте осы адалдық ұғымынан басталады. Жалған ақпарат таратпау, біреудің ар-намысына тимеу, адамның сөзін бұрмаламау, дәлелсіз айып тақпау – бәрі де адалдықтың көрінісі.

Психологтардың пікірінше, әлеуметтік желідегі агрессия көбіне эмоцияны басқара алмаудан туындайды. Экранның ар жағындағы адамды көрмегендіктен, кейбір қолданушылар шынайы өмірде айтпайтын сөздерді интернетте еркін жазады. Алайда мұндай сөздер нақты адамға бағытталады және оның көңіл күйіне, психологиялық жағдайына әсер етеді.

Сондықтан цифрлық мәдениеттің маңызды бөлігі – пікір жазбас бұрын оның салдарын ойлау. Егер жазылған сөз қоғамда алауыздық туғызуы, біреуді қорлауы немесе жалған ақпарат таратуы мүмкін болса, ондай пікірден бас тартқан дұрыс.

Қазақстанда қоғамдық келісім мен конфессияаралық татулық мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып саналады. Осы құндылықтарды сақтау әр азаматтың күнделікті мінез-құлқынан, соның ішінде әлеуметтік желідегі қарым-қатынасынан басталады.

Қазіргі таңда түрлі әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат, арандатушылық сипаттағы пікірлер мен өшпенділік тілін насихаттайтын материалдар да кездеседі. Мамандар мұндай жағдайда эмоцияға берілмей, ақпараттың шынайылығын тексеруге және тек ресми дереккөздерге сүйенуге кеңес береді.

Араздық үлкен жанжалдан басталмайды. Ол кейде бір ғана дөрекі сөзден, бір ғана ойланбай жазылған пікірден басталады. Керісінше, қоғамдағы татулық та әр адамның өз сөзіне жауапкершілікпен қарауынан қалыптасады.

Әлеуметтік желідегі мәдениет – бұл тек интернет әдебі емес. Бұл – адамның тәрбиесі, ішкі мәдениеті, рухани жауапкершілігі мен қоғам алдындағы азаматтық ұстанымының көрінісі. Сондықтан пікір білдіру еркіндігі әрдайым өзгені құрметтеу мәдениетімен қатар жүруі тиіс.