Жетісу облысында шетелдік көлік жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл төлей бастады, деп хабарлайды Бас прокуратураға сілтеме жасаған paryz.kz.
Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, Жетісу облысы прокуратурасының бастамасымен Қазақстан аумағында жол қозғалысы ережелерін бұзған шетелдік мемлекеттік тіркеудегі автокөліктердің жүргізушілерін әкімшілік жауаптылыққа тартуға мүмкіндік беретін жаңа тетік енгізілген.
"Бұған дейін мұндай автокөліктердің иелерін анықтап, айыппұл төлеу туралы нұсқама тапсыру едәуір қиындық тудыратын. Соның салдарынан көптеген құқық бұзушы жауапкершіліктен жалтарып, ел аумағынан шығып кететін. Бұл мәселені реттеу үшін облыс прокуратурасы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қажетті ақпарат алмасуды жолға қойып, өзара іс-қимылдың бірыңғай тәртібін енгізді", - делінген хабарламада.
Прокуратураның мәліметінше, енді құқық бұзушылық тіркелгеннен кейін көлік иесі анықталып, айыппұл төлеу туралы нұсқама рәсімделеді. Мемлекеттік шекараны қайта кесіп өткен жағдайда, нұсқама құқық бұзушыға табысталады.
Айыппұл төленбеген жағдайда, полиция қызметкерлері оны өндіріп алу шараларын қабылдайды. Енгізілген тетік нәтижесінде шетелдік мемлекеттік тіркеудегі автокөліктердің 400-ден астам иесі белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 28 млн теңге болған. Бүгінгі таңда 33 көлік иесінен 1 млн теңгеден астам айыппұл өндірілген.