Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жетекші компаниялары басшыларымен кездесуінде айтты, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысының айтуынша, былтыр екіжақты сауда көлемі 49 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
"Қазір Қазақстанда қытай капиталы бар 8500-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде CNPC, CITIC және Huawei сияқты ірі компанияларды атап өту қажет. Біз Қытай бизнес өкілдерінің Қазақстан экономикасын жаңғыртуға сүбелі үлес қосып жатқанын жоғары бағалаймыз", - деді Тоқаев.
Өткен жылдары елдер көптеген маңызды жобаны бірге табысты жүзеге асырған. Соның нәтижесінде жұмыс орындары ашылып, озық технологиялар енгізңлген.
"Бүгін де жаңа стратегиялық жобаларды бірлесе іске асырып жатырмыз. Атап айтқанда, Sinopec компаниясымен ірі газ-химия кешені, Fufeng Group компаниясымен жүгеріні терең өңдеу зауыты, Lihua Group компаниясымен заманауи мақта-тоқыма кластері құрылысын қолға алдық", - деп толықтырды президент.
Оның айтуынша, Қытайдың автокөлік кәсіпорындары Қазақстанда өндіріс орындарын аша бастады.
"Мысалы, елімізде HOWO, Yutong және JAC брендтері шығарылады. Былтыр Changan, Great Wall Motor, сондай-ақ Chery мультибрендті автомобиль өндірісі іске қосылды. Бұл жобалар біздің екіжақты әріптестігіміз инновацияға, озық технология мен өнеркәсіпті жаңғырту ісіне негізделіп отырғанын көрсетеді", – деп түйіндеді президент.