Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

"Әлеуметтік жәрдемақылардың күші жойылады": министрлік түсініктеме берді

Интернет кеңістігінде әлеуметтік жәрдемақылардың күшін жою немесе мөлшерін қысқарту, сондай-ақ азаматтарды мемлекеттік қолдаудан айыру туралы ақпарат тарады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

"Әлеуметтік жәрдемақылардың күші жойылады": министрлік түсініктеме берді
Фото: sputnik.kz

Жүргізіліп жатқан жұмыстар әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге, оның әділдігі мен атаулылығын арттыруға бағытталған. "Бұл ретте отбасының материалдық жағдайына қарамастан, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік жәрдемақылар сақталады", - дейді еңбек министрлігінде.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер, оның ішінде жүктілікке және босануға, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты төлемдер отбасының материалдық жағдайына қарамастан, толық көлемде жүзеге асырылады.

Ал республикалық бюджеттен төленетін 36 түрлі жәрдемақының 12-сіне қатысты келесі жылдан бастап отбасының материалдық жағдайын ескере отырып, неғұрлым атаулы тәсілді қолдану көзделген.

"Осылайша, әлеуметтік кепілдіктерді жою туралы емес, мемлекеттік қолдаудың жекелеген түрлерін ұсыну тетіктерін жетілдіру туралы сөз болып отыр", - дейді министрлікте.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарды тек ведомствоның ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды.