Шымкенттегі дәмханалардың бірінде келушілердің арасында жанжал болып, әйел жарақат алып қалды, деп хабарлайды paryz.kz.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Кадрдан екі бөлек үстелде бір топ ер адамдар мен әйелдер отырғанын, дауласып отырған әйелге жанындағы үстелдегі ер адамның қолындағы шыны ыдысты лақтырғанын көруге болады.
Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сәйкес, ер адамдар танысқысы келген, бірақ көрші үстелдегілер бас тартқаннан кейін балағат сөз айтылған. Шымкент қаласының полиция департаменті 25 қарашада болған осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Жанжал барысында ер адам әйелге шабуыл жасап, оған шыны ыдысты лақтырған. Салдарынан әйелдің беті мен қолы жарақаттанған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады", - дейді полицияда. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.