Атырау облысы Мақат ауданында 73 жастағы әйелдің мәйіті табылды, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Әйелдің19 ақпанда хабар-ошарсыз кеткені туралы полицияға ақпарат түскен.
"Полиция қызметкерлері дереу зейнеткердің тұрғылықты мекенжайына барып, үйі мен оған іргелес аумақты қарап шықты. Тексеру барысында тұрғын үйдің гаражынан әйел адамның мәйіті табылды", - дейді полициядағылар.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде қылмыс жасады деген күдікпен әйелдің азаматтық некедегі жұбайы ұсталды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
"Күдіктінің айтуынша, дене жарақаттары тұрмыстық жанжал кезінде салынған. Қазіргі уақытта марқұмның туыстары анықталды. Олардың мәліметінше, зейнеткер бір айдан астам уақыт бойы байланысқа шықпаған", - дейді Атырау полициясындағылар.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр.