Маңғыстау облысында психоневрологиялық есепте тұрған азамат сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылды, деп хабарлайды paryz.kz.
Маңғыстау облысының полиция департаменті жергілікті тұрғынның көлік басқару құқығын тоқтату туралы талап-арызбен сотқа жүгінген.
Анықталғандай, әлгі азамат «Психикалық және мінез-құлық бұзылысы — G07.0» диагнозымен психоневрологиялық есепте тұрады. Елімізде бұл диагнозбен автокөлік басқаруға тыйым салынады. Соған қарамастан оның 2018 жылғы 7 маусымда алған жүргізуші куәлігі бар екен.
Маңғыстау аудандық соты жол қозғалысы қауіпсіздігіне төнуі мүмкін қатерді ескере отырып, полицияның талап-арызын қанағаттандырды.
Осылайша оны көлік жүргізу құқығынан айырды. Сот шешімі заңды күшіне енді.