Депутат Айдос Сарым халықты "әлемнің құпиясын меңгерген" рухани алаяқтардан қорғауды талап етті, деп хабарлайды paryz.kz.
Сарымды елімізде кеңінен таралып кеткен сан-алуан эзотерикалық, псевдоспихологиялық жалған ілімдер мен секталардың әсіре белсенділігі қатты алаңдатып отыр.
"Өздеріне жалған диплом жасатып, атағы жер жаратын "академиялардың", әлемдік "ұйымдардың" атынан сөз сөйлеп жүрген бақсы-құшнаштың, тренер-коучтердің саны күн санап артып келеді. Қайсыбір сайтты, әлеуметтік желіні ашып қарасаң болды, "әлемнің барша құпиясын меңгерген", "адамның жан дүниесінің бүкіл кілтін беліне байлаған" мамансымақтар көпшілікпен кездесулер, курстар, семинарлар өткізіп жатады. Өкініштісі, бұны жекелеген адамдардың өз таңдауы, жеке құқығы деп те айта алмаймыз", - деді депутат мәжілістің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, рухани алаяқтарға бір адам емес, отбасымен бірге сеніп қалатындар көп. Ал кейбір мемлекететтік және квазимемлекеттік ұйымдардың басшылары ақшаны аямай, тренер-коучтарды сан алуан шараларға шақырады. Гонорарды да үйіп-төгіп береді.
"Бір ғана мысал келтірейін. Соңғы кездері елімізде "Сюцай" деп аталатын курстар қаулап таралуда. Бұл бағыт өзін "адамның ішкі әлеуетін ашатын сандық психология" деп таныстырғанымен, іс жүзінде ғылыми негізі жоқ, эзотерикалық және діни сипаттағы коммерциялық жобаға айналып отыр. Бүгінде "Сюцай" атауын жамылған топтар жабық форматтағы шаралар өткізіп, өз уағыздарын кеңінен таратып жүр. Олардың басым көпшілігі – лицензиясыз, сертификатсыз, тіркелмеген тұлғалар мен ұйымдар", - деп атап өтті Сарым.
Мәжілістегі "Amanat" фракциясы мәдениет және ақпарат министріне депутаттық сауал жолдап, халық рухани алаяқтардан барынша қорғау бойынша нақты шаралар қабылдауды талап етті.