Астанада қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты көпшіліктің назарына іліккен қылмыстық іс бойынша негізгі сот процесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Paryz.kz.
Екі айыпталушыға аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр. Тергеу нұсқасы бойынша, олар қайырымдылық қызметі ретінде көрсетіп, 3,5 млрд теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденген.
Прокурор Оразалина айыптау актісін оқып жатыр.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарына сәйкес, Перизат Қайрат пен Гайни Алашбаева жеке баю мақсатында, өз әрекеттерінің заңсыздығы мен қоғамға қауіптілігін түсіне отырып, ауыр қылмыстарды қасақана жасаған. Олар мүлікке қарсы және экономикалық қызмет саласындағы құқықбұзушылықтар жасады, - деді прокурор сотта.
Заңға сәйкес, қайырымдылық – бұл тегін немесе жеңілдетілген шарттармен көрсетілетін, гуманитарлық мұқтаждықтарды өтеуге бағытталған қоғамдық пайдалы қызмет түрі.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2018 жылы іске қосылған BizBirgemiz.kz платформасы пандемия кезінде халықтан жаппай қолдау тауып, кеңінен танымал болған. Перизат Қайрат бұл платформаның аты мен идеясына деген азаматтардың сенімін пайдаланып, өз қылмыстық жоспарын іске асыра бастаған. Тергеу деректері бойынша Қайрат Перизаттың әрекеттері:
“Biz Birgemiz” атты танымал ұранды пайдаланған қоғамдық ұйым құрып, оны заңды қайырымдылық бастамаларымен байланысы бар етіп көрсеткен;
Өзінің және анасының атына бірнеше банк шотын ашып, солар арқылы қайырымдылық көмек ретінде түскен қаржыны жинақтаған; "Қоғамның әлеуметтік әлсіз топтарына көмектесеміз" деген желеумен халықтан қаражат жинап, түрлі ақпараттық науқандар мен аукциондар ұйымдастырған; Іс-әрекетін заңды етіп көрсету үшін жиналған қаржының аз бөлігін нақты көмекке бағыттап отырған;
Ал қаржының негізгі бөлігі жеке мақсаттарға, яғни жылжымайтын мүлік сатып алуға, зергерлік бұйымдар алуға, шетелдік сапарларға жұмсалған; Өзін және анасын "сәтті кәсіпкерлер" ретінде көрсету арқылы заңсыз табысты ақтауға тырысқан;
Сонымен қатар айналасындағы туыстары мен сенімді тұлғаларын да қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру және заңдастыру әрекеттеріне тартқан. Осылайша ресми тергеу деректері бойынша, қылмыстық схема мұқият жоспарланып, әлеуметтік бастамаларға ұқсатып жасырылған ұйымдасқан алаяқтық әрекеттерінің бір бөлігі болған.