Қарағандыда қария жолаушыны жүгімен қоса автобустан түсіріп тастаған жүргізуші қамауға алынды, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Қарағандыда №145 қалалық автобус маршрутының жүргізушісі ауыр жүгі бар қарт жолаушыны мәжбүрлеп автобустан түсіріп, жол үстінде қалдырғаны үшін жауапқа тартылды.
"Жанжал зейнеткердің жүгіне байланысты туындаған. Жүргізуші жолаушыдан автобустан шығуды талап етіп, оның азық-түлік салынған сөмкелерін жолға шығарып тастаған. Дөрекі әрекет салдарынан сөмкелер жыртылып, жаңа піскен алма мен қызанақ асфальтқа шашылған. Кейбірі өтіп бара жатқан көліктер мен автобустың дөңгелегінің астында қалып езілген", - дейді полицияда.
Қалалық полиция қызметкерлері 40 жастағы жүргізушіні полиция бөліміне жеткізді.
"Оған жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін 21 625 теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар әкімшілік материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданған. Сот шешімі шыққанға дейін жүргізуші уақытша ұстау бөлмесіне қамалды", - дейді Қарағанды облысының полиция департаментінде.
Еске сала кетейік, №5 автопарк жүргізушісі автобус салонына ауыр жүкпен кірген зейнеткерді түсіріп тастады. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарап, қоғамның наразылығын тудырды.