Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

«Астаналықтардың 90 пайызы орысша сөйлейді»: Елордада емхана ашқан кәсіпкер жанайқайын айтты

Тараздан Астанаға көшіп келіп, елордада емхана ашқан кәсіпкер Гүлдана Құрманғали қала тұрғындарының басым бөлігі қазақ тілін түсінбейтінін айтып, ренішін білдірді. Оның сөзінше, қабылдауға келген кейбір науқастар дәрігерден орыс тілінде сөйлеуді талап етеді, деп хабарлайды paryz.kz.

«Астаналықтардың 90 пайызы орысша сөйлейді»: Елордада емхана ашқан кәсіпкер жанайқайын айтты
Фото: видиодан скриншот

Кәсіпкер бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған видеосында айтты.

Гүлдана Құрманғалидың айтуынша, Астанаға келгеннен кейін жергілікті тұрғындардың тілдік ортасы оны таңғалдырған. Ол емханаға қаралуға келген кейбір пациенттердің қазақ тілін түсінбейтінін айтып, орысша сөйлеуді сұрайтынын жеткізді. 

«Мен Тараз қаласынан келіп, Астанада емхана аштым. Қала тұрғындары мені таңғалдырып жатыр. Мұндағы халықтың 90 пайызы орысша сөйлейді екен. Қабылдауға келген науқастар "Қазақша түсінбейміз, орысша сөйлеңіз" дейді. Бұл жағдай жүрегімді ауыртты. Қазақтың қазақша білмегені өкінішті», – деді кәсіпкер. 

Сондай-ақ ол қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің шетелдегі концерттерін мысалға алып, қазақ тілін үйренуге ниет болса, кез келген адам сөйлей алатынын атап өтті. 

«Димаш Құдайберген Мексикада концерт беріп, мексикалықтарды қазақша сөйлетіп жатыр. Қазақша сөйлеймін деген шынайы ниеті бар адам әрдайым қазақша сөйлейтін болады. Біз орыс тіліне еліктеп, балаларымызға орысша тәрбие беріп жатырмыз. Осы жағдай жүректі ауыртады», – деді Гүлдана Құрманғали.