22 қараша күні кешке Жангелдин ауданының Ақкөл ауылында ата-анасына қонаққа келген ер адамға қасқыр шабуыл жасады. Зардап шегуші ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды paryz.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Оқиға ер адам таныстарына бара жатқан кезде болған. Жолдың жарықтандырылмаған бөлігінде оған қасқыр тап беріп, қолынан тістеп алған. Жәбірленуші жарық түсіп тұрған үйлерге қарай жүгіруге тырысқанымен, жыртқыш оны жібермеген. Айғай-шуды естіп сыртқа жүгіріп шыққан көршілердің бірі қасқырды атып өлтірген.
Оқиғаға қатысты BAQ.KZ сауалынан кейін Облыстық денсаулық сақтау басқармасы редакциямызға жауап жолдады.
«Жангелдин ауданында болған оқиға фактісі бойынша 1978 жылы туған науқас Арқалық өңірлік ауруханасына ауыстырылғанын хабарлаймыз. Қазіргі уақытта оның жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Науқас медицина мамандарының бақылауында және клиникалық хаттамаларға сәйкес барлық қажетті медициналық көмекті алып жатыр», - делінген хабарламада.