Жамбыл облысы, Мойынқұм аудандық соты жергілікті азаматтан мемлекетке келтірілген материалдық залалды өндіріп алу туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі қарады.
Іс материалдарынан жауапкердің заңсыз әрекеттері нәтижесінде оның жұбайына орташа дәрежедегі дене жарақаты келтірілген. Зардап шеккен адам аудандық ауруханаға жеткізіліп, ем алған. Медициналық көмек көрсетуге мемлекеттен 330 мың теңге қаражат жұмсалған.
"Бұған дейін денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру дерегі бойынша ер адамға қатысты қылмыстық іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған. Алайда мемлекеттің жәбірленушіні емдеуге жұмсаған шығындары өтелмей қалған", - дейді сот.
Мемлекет мүддесін қорғау мақсатында прокурор сотқа көрсетілген соманы өндіріп алу туралы талап қоюмен жүгінген. Сот, ұсынылған барлық дәлелдемелер мен іс материалдарын зерттеп, талаптардың дұрыстығы туралы қорытындыға келді.
Сот шешімімен талап қою толық көлемде қанағаттандырылды, жауапкерден мемлекет пайдасына материалдық залалды өтеу есебінен 330 мың теңге, сондай-ақ мемлекеттік баж өндірілді.