Прямая трансляция

Астана

Астана

24°C

Бельгияда «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына қолдау білдірді

Қазақстан халқы тілдері күніне орай Гент қаласындағы «Qazaq Roots» қазақ мәдени орталығында Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің қолдауымен мәдени-ағартушылық іс-шара өтті, деп хабарлайды paryz.kz.

Бельгияда «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына қолдау білдірді
Фото: Кітап оқитын ұлт ҚҚ

Кездесу Фландрияда тұрып жатқан отандастарымыздың басын қосты, оның ішінде бельгиялық отбасылар асырап алған балалар, сондай-ақ Қазақстанның тілі мен мәдениетіне қызығушылық танытатын бельгиялықтар қатысты.

Қатысушылар қазақ тілінде кітаптар оқып, қазақстандық әдебиетпен танысты, викториналар мен интерактивті тілдік ойындарға қатысты.

1001149846.jpg

Іс-шараға «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошев онлайн форматта қосылып, жобаның мақсаттары мен кітап оқу мәдениетін дамыту туралы айтып берді.

«Біздің мақсатымыз – кітап оқуды әр түрлі буынды біріктіретін күнделікті мәдениеттің бөлігіне айналдыру. Шетелдегі қазақстандықтардың кітап арқылы туған тілімен, мәдениетімен және Қазақстанмен байланысын сақтап қалуы аса маңызды», – деп атап өтті Аян Сакошев.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Qazaq Roots» кітап қоры қазақстандық жазушылардың жаңа басылымдарымен толықты, олар оқу және кітап алмасу үшін қолжетімді болады. 

«Бельгияда өсіп жатқан балаларымыз үшін қазақ тілі – бұл түбірлерімізбен байланыс. Біз балалар «Qazaq Roots» орталығында тек тіл үйреніп қана қоймай, қазақша кітаптар оқып, қарым-қатынас жасап, Қазақстан мәдениетін тереңірек білсе екен дейміз», – деді орталық басшысы Майнур Жұманова.

Брюссель мен Гент қалаларында ашылған қазақ мәдени орталықтарында қазақ тілін үйренгісі келетіндердің барлығына арналған тіл курстары жұмыс істейді. Олар отандастарға ана тілін сақтауға, ал бельгиялықтарға Қазақстанмен, оның мәдениеті мен дәстүрлерімен жақынырақ танысуға көмектеседі.

Іс-шара қазақ тілін шетелде насихаттау және оқу мәдениеті мен қазақстандық әдебиетті дәріптеуге бағытталған «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыру жұмыстарының бір бөлігіне айналды.