Шымкент қаласының Қайнарбұлақ шағынауданында болған өрт салдарынан 39 жастағы әйел көз жұмды. Марқұм жұбайымен бірге сегіз бала тәрбиелеп отырған, деп хабарлайды paryz.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт шыққан сәтте отағасы әйелін құтқаруға тырысқан. Алайда жалын оның денесінің шамамен 80 пайызын шарпып, аман алып қалу мүмкін болмаған. Ер адам да аяқ тұсынан күйік алған. Оқиға кезінде үйдегі жеті бала сыртқа шығып үлгерген.
Куәгерлердің айтуынша, өрт ішіндегі анасын 17 жастағы ұлы алып шыққан. Алайда ол да күйік жарақатын алған. Ал отбасының үлкен қызы қатты күйзеліске түскені айтылып отыр. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, отбасы көрпе-төсек пен мақта матрастар тігіп, нәпақасын тауып келген.
Болжам бойынша, өрт аулада орналасқан шағын өндіріс орнындағы жарылыстан басталып, кейін бүкіл үйге тараған.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстары жүргізіліп, келтірілген шығын көлемі анықталуда