Прямая трансляция

Астана

Астана

25°C

Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұр – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еспубликалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұрғанын айтты, деп хабарлайды Ақорда.

Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұр – Тоқаев
Ақорда

Президент "Педагог мәртебесі туралы" арнайы заң қабылданғанын еске салды.

"Биыл бұл заңға толықтыру енгізіліп, ұстаздарға қосымша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер берілді. 5 қазан күні ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде нақты бекітілді", - деді Тоқаев. 

Оның айтуынша, мемлекеттік марапаттар тізіміне "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атағы енгізілді. Бұл мәртебелі наградамен марапатталған тұлғаларға қомақты сыйақы беріліп жатыр. Қазірдің өзінде 100-ге жуық мұғалім марапатталды. Соңғы үш жылда еліміздегі 3 мұғалімге ең жоғары мемлекеттік награда – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілді. 

"TALIS-2024 (The OECD Teaching and Learning International Survey) зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұр. Сондай-ақ ұстаздардың еңбекақыға қанағаттану өлшемі бойынша еліміз әлемдегі алғашқы бес мемлекеттің қатарына кіреді", - деп толықтырды мемлекет басшысы. 

Атап айтқанда, ұстаздардың 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын айтқан. Ал 80 пайызы осы мамандықты қайта таңдауға дайын екенін жеткізген. Сондай-ақ Тоқаев кейінгі бес жылдың ішінде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынғанын атап өтті.

"5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңартылды. Білім ошақтарында 7 мыңнан астам заманауи үлгідегі пән кабинеттері жасақталды", - деп түйіндеді президент.