Бірер күн бұрын танымал айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі Салтанат Өтелбаева жол апатынан қаза тапқаны туралы жазған едік. Ақмола облысы полиция департаменті өкілі мән-жайды айтты, деп хабарлайды Massaget.kz-ке сілтеме жасаған paryz.kz.
Қаралы хабарды марқұмның әріптесі Марғұлан Оспанов әлеуметтік желіде жеткізген еді. Ақмола облысы полиция департаментінің редакцияға берген жауабына сүйенсек, жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Оқиға 16 маусымда шамамен сағат 07:00-де Астана - Атбасар - Жақсы тасжолының 231-шақырымында, Бастау ауылының маңында болған.
"Алдын ала мәлімет бойынша Chevrolet Tracker көлігінің жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан 1973 жылы туған ер адам тізгіндеген КамАЗ жүк көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен 1978 жылы туған жолаушысы оқиға орнында көз жұмды", - деді полиция.