Екібастұзда мемлекеттік қызметшілер құмар ойындарына әуес болғаны белгілі болды. Құқық бұзушылық фактілері жөніндегі материалдар Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесіне жолданды, деп хабарлайды paryz.kz.
Ведомствоның ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, қала прокуратурасы мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілерін анықтады.
"Атап айтқанда лауазымды тұлғалар заңнамалық тыйымға қарамастан букмекерлік кеңселерде белсенді шоттарға ие болған. Мысалы, ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісінің жеке шоты бойынша айналым 6,8 млн теңге", - дейді прокурорлар.
Ауылдық округ әкімі, Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысының орынбасары, сондай-ақ қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің жеті қызметкері де осыған ұқсас заң бұзушылықтар жасады деген күдікке ілінді.
Қызметтік тексеру нәтижелері бойынша барлық құқықбұзушылық фактілері жөніндегі материалдар Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесіне жолданды.
Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары мен мінез-құлық қағидаларын сақтауына бақылауды әлсіз жүргізгені үшін қала әкімі аппаратының жауапты басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.