Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақыру басталды, деп хабарлайды Paryz.kz қорғаныс министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгіннен қалалық және аудандық шақыру комиссиялары әкім орынбасарларының төрағалығымен азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруға кірісті.
30 маусымға дейін 18-27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азаматты Қарулы күштерге және басқа да әскери құралымдардың қатарына шақыру жоспарланып отыр.
Олар: Қарулы күштерге - 11 мыңнан астам адам; ІІМ Ұлттық ұланына - 7 мыңнан астам адам; ҰҚК Шекара қызметіне - 2 мыңға жуық адам; Төтенше жағдайлар министрлігіне - 400-ге жуық адам; Мемлекеттік күзет қызметіне - 300 адам.
Барлығына SMS-хабарлама және eGov порталындағы хабарландырулар арқылы кемінде үш күн бұрын шақыру жіберіледі.
"Мұндай хабарламалар ресми шақыру болып есептеледі. Шақырту алған азамат жергілікті әскери басқару органына немесе шақыру пунктіне келуге міндетті", - дейді жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы генерал-майор Алмас Исабеков.
Оның айтуынша, дәлелсіз себептермен жергілікті әскери басқару органдарына келмегені үшін әкімшілік шаралар қолданылуы мүмкін. Ал шақырудан жалтарған жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.