Прямая трансляция

Астана

Астана

-1.03°C

Бас прокуратура референдум алдындағы тыныштық күнінде не істеуге болмайтынын еске салды

Бас прокуратура қазақстандықтарға үндеу жасап, референдум алдындағы тыныштық күнін азаматтардың есіне салды, деп хабарлайды Paryz.kz құзырлы органның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас прокуратура референдум алдындағы тыныштық күнінде не істеуге болмайтынын еске салды
Фото: gov.kz

Бас прокуратура өкілдері биыл 15 наурызда "Бұқаралық ақпарат құралдарында жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?" деген сауал бойынша республикалық референдум өтетінін ескертті.

"Қазіргі уақытта азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер тарабынан референдумға байланысты үгіт жұмыстары жүргізілуде. Конституциялық заңның 7-бабының 4-тармағына және Референдумды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сай үгіт жүргізу 2026 жылғы 14 наурыз сағат 00:00-де аяқталады", - делінген хабарламада. 

Бұл ретте референдум қарсаңындағы күні мен референдум өткізілетін күні, яғни 2026 жылғы 14 және 15 наурызда үгіт жүргізуге тыйым салынады.

"Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн, референдум нәтижелеріне болжамдарды, референдумға байланысты өзге де зерттеулерді жариялауға жол берілмейді. Жарнама Референдум күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады", - деді Бас прокуратура өкілдері.

Аталған құқықтық талаптарды бұзу кінәлі тұлғалардың әкімшілік жауаптылыққа тартылуына әкеп соғады. 

"Нақты айтқанда 2026 жылғы 14 және 15 наурызда үгiтті жүргізгені үшін, яғни оған тыйым салынған кезеңде, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 102-бабы бойынша жауаптылық туындайды. Қоғамдық пікірге сауал салудың нәтижелерін жариялағаны немесе референдум күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте оны жүргізгені үшін ӘҚБтК-нің 120-бабының 2-бөлігі бойынша жауаптылық көзделген", - дейді олар. 

Бас прокуратура заңдылықты қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында референдумға қатысатын барлық азаматты аталған заңнама талаптарын қатаң сақтауға және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырады.