Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Басқарма төрағасының орынбасары – Бірінші проректор Еркін Дүйсенов елімізде өтіп жатқан конституциялық реформаны құқықтық эволюцияның объективті қажетті кезеңі ретінде бағалайтынын айтады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Оның сөзінше, тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта біз мемлекеттік институттарды қалыптастырып, құқықтық жүйені орнықтырдық.
Ендігі кезеңде осы жинақталған тәжірибені жаңа тарихи жағдайлармен, жаһандық өзгерістермен және әлеуметтік трансформациялармен үйлестіре отырып, конституциялық негіздерді жаңарту қажеттілігі туындап отыр.
Сондықтан, сарапшының айтуынша, бұл реформа мемлекеттің құндылықтық бағдарын, басқару философиясы мен құқықтық мәдениетін қайта айқындауға бағытталған мазмұнды әрі стратегиялық қадам болмақ.
«Жаңа Конституция жобасының мазмұнына назар аударғанда, оның басты ерекшеліктерінің бірі – адамға бағдарланған мемлекет қағидатының жүйелі түрде бекітілуі. Адам құқықтары мен бостандықтарының нақты конституциялық басымдық ретінде көрініс табуы құқықтық мемлекеттің сапалы жаңа деңгейіне көтерілуіне негіз қалайды. Преамбуланың жаңаша мазмұнда берілуі, онда мемлекеттің мыңжылдық мемлекеттілік дәстүрі мен тарихи сабақтастығының көрініс табуы, бірлік, ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім, әділдік, заң мен тәртіп, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік секілді қағидаттардың бекітілуі Конституцияның құндылықтық өзегін айқындайды», дейді сарапшы.
Еркін Дүйсенов институционалдық жаңалықтардың ішінде өкілді биліктің жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған өзгерістерді, соның ішінде бір палаталы Парламент – «Құрылтай» институтын енгізуді, Вице-президент лауазымын қалыптастыруды және Қазақстан Халық кеңесі алаңы арқылы қоғамдық диалогты күшейтуді де маңызды деп есептейтінін жеткізді. Оның айтуынша, бұл өзгерістер саяси партиялардың жауапкершілігін арттыруға, заң шығару сапасын күшейтуге және қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланысты жүйелеуге ықпал етеді.
«Жаңа Конституция жобасында еңбек қатынастарына, отбасы және неке институтына қатысты нормалардың мазмұны айтарлықтай мәнге ие. Мен Конституциялық комиссия жұмысына қатысушы ретінде осы мәселелерді бірнеше рет көтеріп, дәстүрлі құндылықтарды сақтаудың маңыздылығын атап өткен болатынмын. Атап айтқанда, Конституцияның 30-бабындағы неке ұғымын «ер мен әйелдің одағы» ретінде нақтылау және бұл тұжырымның конституциялық деңгейде бекітілуі отбасы институтын қорғауға, ұлттық құндылықтарды сақтауға және қоғамның рухани-мәдени бірегейлігін нығайтуға құқықтық негіз қалыптастырады деп санаймын», дейді ол.
Сондай-ақ сарапшы жобаның ішінен ерекше атап өтерлік нормалар – еңбек құқықтарын қорғау, отбасы мен некенің конституциялық кепілдіктерін нақтылау, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды құқықтық тұрғыдан бекітуге бағытталған ережелерді атап өтті.
«Аталған өзгерістер құқықтық жүйені жаңғыртып қана қоймай, мемлекеттің даму философиясын құндылықтарға негізделген, әлеуметтік жауапкершілікті және тарихи сабақтастықты сақтайтын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Менің ойымша, бұл құжат еліміздің құқықтық дамуының жаңа моделін қалыптастыратын маңызды кезең», деп сөзін түйіндеді.