Сенат Жоғарғы соттың бірқатар судьясынан қызметінен босатты, деп хабарлайды Paryz.kz.
Президенттің ұсынысы негізінде Сенат депутаттары Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьялары – Кенжеғарин Асқаржан Кәпезұлы, Мұсабекова Ғазиза Шамшидинқызы және Шермұхаметов Бейбіт Бекмұхамбетұлын қызметінен босату туралы шешімді қолдап, дауыс берді. Қазақстан Президентінің ұсынуы негізінде және Конституцияның 55-бабының 1-тармақшасына, «ҚР Парламенті және оның депутаттары мәртебесі туралы» Конституциялық заңына, сондай-ақ ҚР Сот жүйесі мен судьяларының мәрбесі туралы» Конституциялық заңына сәйкес, Парламент Сенатына Асқаржан Қапезұлы Кенжеғаринді, Ғазиза Шәмшидинқызы Мұсабекованы орнынан түсуіне байланысты және Бейбіт Бекмұхаметұлы Шермұхаметовты зейнеткерлік жасқа толуына Жоғарғы сотының судьялары қызметінен болсату ұсынылды, - деді Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров.
Бұл мәселе алдын ала Сенаттың бейінді комитетінде қаралған. Айта кетерлігі, Кенжеғарин Асқаржан Кәпезұлы мен Мұсабекова Ғазиза Шамшидинқызының сот жүйесіндегі еңбек өтілі 30 жылдан асады. Асқаржан Кәпезұлы бұған дейін Астана қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына төрағалық еткен.
Соңғы сегіз жылдан астам уақыттан бері Жоғарғы Сот судьясы қызметін атқарып келеді. Ғазиза Шамшидинқызы Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасын басқарған. Ол он жылдан астам уақыт бойы Жоғарғы Сот судьясы болып еңбек етіп келеді.
Ал Жоғарғы Сот судьясы Шермұхаметов Бейбіт Бекмұхамбетұлы зейнет жасына жетуіне байланысты қызметінен босатылды. Ол шамамен 26 жыл бойы судья болып жұмыс істеген.
Соның ішінде 19 жылдан астам уақыт Жоғарғы Сотта судья қызметін атқарған. Үшеуі де сот жүйесінде ұзақ жылдар еңбек етіп, судьялар қауымдастығы арасында беделге ие болған тәжірибелі мамандар ретінде танылған.