2026 жылғы 3 наурызда еліміздің бірқатар облыстарында республикалық маңызы бар автожолдарда қолайсыз ауа райы болжанып отыр. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы хабарлады, деп жазады Paryz.kz.
Салалық ведомстволардың мәліметінше, Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда, Қостанай және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Жетісу және Абай облыстарында кей жерлерде қар жауып, боран соғады.
Ауа райының нашарлауына байланысты жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтау, қауіпсіз арақашықтықты ұстану және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау ұсынылады.
Әсіресе көру мүмкіндігі шектелген және қар үйінділері пайда болуы ықтимал учаскелерде сақ болу қажет. Жол қызметтері ауа райының өзгерісін ескеріп, сапарларды жоспарлау кезінде сақтық танытуға және қолайсыз кезеңде алыс жолға шықпауға кеңес береді.