Батыс Қазақстан облысында бірнеше автокөлік соқтығысып, салдарынан көлік иелеріне материалдық залал келді. Бұл туралы БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«1 қазан түнгі сағат 00:10 шамасында Тәуелсіздік көшесі мен Правдухин көшесінің қиылысында «Volkswagen Tiguan» автокөлігінің жүргізушісі (1980 жылы туған) бағдаршамда тұрған «Mercedes» автокөлігіне соққан. Салдарынан «Mercedes» тағы бірнеше автомобильмен соқтығысты (ВАЗ және Skoda Rapid). Автокөлік иелеріне материалдық залал келтірілді, жол апатының мән-жайы анықталып жатыр», - делінген хабарламада.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, жол апатына БҚО әкімдігінің қызметкері кінәлі. Аталған фактіні анықтау мақсатында облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне жүгінген едік.
«Иә, әкімдік қызметкері. Қазір мән-жайды анықтап жатырмыз, қосымша хабарлаймыз», - деп қысқа қайырды өңір әкімдігінің баспасөз хатшысы Ерхан Таткен.