Прямая трансляция

Астана

Астана

17°C

Рухани байқау мәресіне жетті

Казталов ауданында бұл үрдіс «Мен оқыған 30 кітап» байқауы арқылы өткен жылдан бастау алып, биыл жалғасын тапты. 10 қыркүйек күні ІІ аудандық «Мен оқыған 30 кітап» байқауы қорытындыланып, жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Рухани байқау мәресіне жетті
Фото: Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», — деп, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қажеттігіне назар аударды. 

Биыл байқау ережесіне өзгеріс енгізілді.  Ұйымдастырушылар алқасы оқушылардың жас ерекшеліктерін, оқу деңгейлерін ескере отырып, 5 және 7 сынып, 8 және 11 сынып оқушыларына арналған кітаптар  тізімін бекітті. Ал жүлде қоры 2 млн теңгені құрады. Байқау тест сұрақтарына жауап беру және әңгімелесу сынды екі кезеңді қамтыды. Жазғы демалысын рухани білімін молайтуға арнаған жас буын оқығаны мен түйгенін ортаға салып, сынға түсті. 

Рухани байқаудың марапаттау рәсіміне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев байқау жеңімпаздарын аудан әкімінің атынан құттықтады. 

— Бүгін ауданымызда екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған «Мен оқыған 30 кітап» байқауы қорытындыланып отыр. Байқау жеңімпаздарын аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлының атынан шын жүректен құттықтаймын! Бұл байқау — білімге қанат қаққан оқушыларымызды жігерлендіріп, зиялы ұлт қалыптастыруға септігін тигізетін дәстүрлі жоба. Руханиятымызды кемелдендіріп, ұрпағымыздың зейінін ашып, талабын шыңдауға, ауыл балаларының кітапқа құмарлығын арттыруға қолдау көрсеткені үшін ұстаздарға, кітапханашыларға, ата-аналарға ризашылығымды білдіремін!,  — деді Серік Ерболатұлы. 

Байқау қорытындысына сәйкес, әділ-қазылардың шешімімен 5 және 7 сынып оқушылары арасында бас жүлдеге Қараөзен мектеп-лицейінің оқушысы Рамина Тлемисова ие болса, ІІ орынды қараөзендік Айша Рахимова, ІІІ орынды қараөзендік Сәнім Тұрарбек және қараобалық Азиза Ережеп иеленді. Ал 8 және 11 сынып оқушылары арасындағы додада Тереңкөл мектеп-бөбекжайының оқушысы Нұрайым Рахмет бас жүлдені қанжығасына байласа, Казталов мектеп-лицейінің оқушысы Бахтияр Тольяти ІІ орын, Қараөзен мектеп-лицейінің оқушысы Аяулым Тілепберген және Бостандық жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Айман Маркс ІІІ орынға ие болды. Байқау жеңімпаздары қаржылай сыйлыққа ( І орын — 300 мың теңге,  ІІ орын — 200 мың теңге, ІІІ орын — 100 мың теңге), ал қатысушылар белсене қатысқаны үшін ынталандыру сыйлықтарына (30 мың теңге) ие болды. 

Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге, - деген Абай Құнанбайұлының сөзін ұранына айналдырған,  білімге ұмтылған талапты буынға ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, жазушы-журналист,«Орал өңірі» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллин, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі Қыдыр  Абдрахманов, «Қазақстанның құрметті кітапханашысь» төсбелгісінің иегері, Қараоба ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы Лаура Бердіғалиева қазылық етті. 

— «Мен оқыған 30 кітап» байқауы биыл Казталов ауданында екінші рет өтуде. Бұл каникул кезінде ұстаздар, ата-аналар тарапынан оқушыларға берілген тапсырма десе де болады. Менің байқағаным казталовтық оқушылар ересектердің ескертуінсіз-ақ кітап оқуға құштар екен. Бұны әділ-қазылар алқасының төрағасы ретінде анық байқадым. Оқушылардың, ұл-қыздарымыздың интеллектуалдық дәреже деңгейін көтеретін мұндай бастаманы берісі облыстық деңгейде, әрісі кең байтақ Қазақстан бойынша насихаттауға өз басым бек бейілдімін.  Әрине, кітап оқу адамзат қоғамы үшін де, жеке адам үшін де интеллектуалдық тұрғыдан адамның ой-өрісін кеңейтетін, дүниетаным, түсінігін тереңдететін, қоғамдық санаға ықпалды институттардың бірі. Алдағы уақытта аудан көлемінде мұндай бастама үзіліп қалмай, жалғасын табатынына сенімдімін,  — деді Бауыржан Файзоллаұлы өз сөзінде. 

Кітап — адам жанының рухани қазынасы. Оқушылардың  кітапқа деген құмарлығы ұлтымыздың әдебиетін, мәдениетін насихаттауға қосқан перзенттік борыштары деп білеміз. Еліміздің абыройын асқақтатып, ұлт руханиятына бей-жай қарамайтын жас буын қатары артады деп сенеміз!